Сапаны автоматты түрде тексеру

Мәтінді «көзбен» тексеріп шығатын түзетуші бейнесіне барлығымыз үйренгенбіз. Алайда қазіргі жағдайларда түзетуші орасан көлемді мәтіндермен жұмыс істей отырып, тапсырыс берушінің барлық талаптарын — мысалы, кең ауқымды глоссарийлерді немесе рәсімдеуге қатысты егжей-тегжейлі талаптарды есте сақтап отыруға физикалық тұрғыдан қабілетті бола алмайды. Сондықтан стандартты «адами» тексерулермен қатар, қазіргі аударма және локализация өнеркәсібінде автоматты (бағдарламалық) құралдар да қолданылады. Бұл уақытты қысқартуға және сапаны тексерудің мұқияттығын арттыруға, сонымен қатар кездейсоқ қателердің ықтималдығын минималды етуге мүмкіндік береді.

Сапаны автоматты түрде бақылаудың заманауи құралдары келесі тексерулерді орындауға мүмкіндік жасайды:

  • форматтың біркелкілігі (түпнұсқа және аударма тілінде),
  • цифрлардағы қателер (аударма мен түпнұсқадағы цифрлардың сәйкессіздігі),
  • цифрлар немесе өлшем бірліктері форматтарын аударма тілінде түрлендіру,
  • тыныс белгілерінің біркелкілігі,
  • терминологияның біркелкілігі (алдын ала құрылған глоссариймен сәйкестендіру),
  • аударманың бірізділігі (яғни мәтіннің бірдей «сегментінің» біркелкілігі),
  • орфографияны тексеру.

Бұл тексерулердің кейбірін (мысалы, бірізділік) автоматтандыруды пайдаланбай, үлкен көлемді мәтіндерде жүзеге асыру мүмкін емес деуге болады.

Айта кетерлік жайт, сапаны тексерудің мұндай әдісі қателердің автоматты түрде түзетілуін білдірмейді. Бағдарламалар тек берілген параметрлер бойынша болжанған қателер тізімі көрсетілген есепті береді. Тексеруші табылған қателерді өзі талдап, мәтіннің ішінде өз бетінше түзетеді.

Автоматтандырылған тексеру құралдарымен өңдеуге болатын файл форматтары шектеулі. Көп жағдайда өңдеуге «екітілді файлдар», яғни арнайы CAT-бағдарламалардың форматындағы немесе бір уақытта түпнұсқа мен аударма мәтіні бірге сақталған файлдар (мысалы, MS Excel құжаттары) өңдеуге жарамды.

Функциялық және лингвистикалық тестілеу

Функциялық және лингвистикалық тестілеуді өнімнің локализациясынан кейін келетін заңды кезең ретінде қарастыруға болады.

Функциялық тестілеу — локализациядан өткен өнім функцияларының бастапқы өнім функцияларына сәйкестігін, тестілеу сценарийін кезең-кезеңімен орындау және күтілген нәтиже мен нақты нәтижені салыстыру арқылы қателерді анықтау және құжатқа енгізу.

 Лингвистикалық тестілеу — локализациядан өткен материалдарды тексеру, қателердің келесі типтерін анықтау және құжатқа енгізу: оқылмайтын мәтін, жазбалардың қиылып және беттесіп қалуы, аударманың контекске сәйкессіздігі.

Бағдарламалық жасақтаманың функциялық және лингвистикалық тестілеуі аясында жұмыстардың толық циклі орындалады: өнімді талдау, тест-жоспарды және тестілеу сценарийлерін әзірлеу, итерациялардың қажетті мөлшерімен тестілеу, түзетулерді енгізу (қажет болған жағдайда).

Функциялық және лингвистикалық тестілеуді өткізу локализациядан өткен өнімнің қатесіз болуына, бастапқы әзірлеу кезінде ойластырылған күйде барлық тіл нұсқаларында жұмыс істеуіне және көрінуіне, көптілді кең аудитория үшін қолданыста түсінікті әрі ыңғайлы болуына, яғни жаңа нарықтарға сәтті шыға алатындығына кепілдік береді, ал ол өз кезегінде жаңа мүмкіндіктер мен перспективаларды ашады.