Ізбе-із аударма — ізбе-із аударылатын (аудармашы сөздің белгілі бір үзіндісін тыңдап, біраз уақыттан кейін аударып береді) немесе аудармашының оратор ойын ұғып алғаннан кейін аударатын ауызша аударма түрі.

Ізбе-із аударма аудармашыдан есте сақтау қабілетінің жақсы болуын, жылдам реакцияны, коммуникативті сөйлесуді, фондық білімді талап етеді. Оған қоса аудармашы сөзді ары қарай жаңғыртуды жеңілдету үшін, алдын ала қалыптасқан әртүрлі қысқартулар, шартты белгілер (яғни, аудармашылық жедел жазу) арқылы оратор сөзін жазу жүйесін қолданады.

Бұл аударма түрі жоғары деңгейдегі ресми кездесулер кезінде, саяси, экономикалық және т.б. сұрақтарды талдаған кезде; халықаралық деңгейдегі конгрестер, симпозиумдар, сөз сөйлеулер, конференциялар және т.б. жұмысында, бір сөзбен айтқанда синхронды аударма  қарастырылмаған кезде қолданылады.

Пайдалану саласы:

  • іскери келіссөздер;
  • телефондық және веб-келіссөздер;
  • кездесулер мен дөңгелек үстелдер;
  • брифингтер мен пресс-конференциялар;
  • құрылғыны монтаждау және реттеу кезіндегі аударма.

Ізбе-із аударманың басқа ауызша аударма түрлерінен артықшылықтары:

  • Қосымша техникалық жабдықтар қажет емес, бұл іс-шараның мобильділігін арттырады.
  • Қозғалыста, мысалы, өнеркәсіптік нысандардағы шефмонтаж кезінде, көліссөздерде, делегацияларды алып жүру кезінде жүзеге асыруға болады.
  • Қатысушыларда сұрақ жауабын ойлауға (мысалы, іскери келіссөздерде) пайдалы болуы мүмкін қосымша уақыт пайда болады.